Еліміздің болашағы - бүгінгі жас ұрпақтың қолында, ал жас ұрпақтың болашағы - ұстаздардың қолында. Ел мен елді, халықпен халықты теңестіретін нәрсе, ол - білім» - деп ұлы тұлға М. Әуезов айтып кеткендей, білім - бұл қоғамның ең жауапты, ең қастерлі саласы. Осығын орай білім беру жүйесіне еніп отырған реформалардың ең соңғысы озық, алдыңғы қатарлы елдердің білім беру жүйесінен алынған Lesson Study мұғалімдерді оқыту және олардың тәжірибесін дамытудағы  ынтымақтастық тәсілі болып табылады және де іс әрекеттегі зерттеу. Ол бірнеше циклді қамтиды ең бастысы «сабақты зерттеу» немесе «сабақты зерделеу» болып табылады. Бұл бағдарламаның бір ыңғайлы және тиімді жері - жасалынған іс-әрекеттің қатып қалған қағидасы жоқ. Бағдарламаның негізгі идеясын түсініп, мектептің, оқушының және мұғалімнің мүмкіндіктерін ескере отырып, нәтижеге қол жеткізу үшін қолжетімді, тиімді қадамдар жасауға болатынына көз жеткіздік. Теория бойынша, Lesson Study  зерттеу сабағы оқушының оқуына, мұғалімнің кәсіби тәжірибесінің артуына ықпал ететін педагагогикалық тәсіл, яғни оқушылардың сабаққа қызығушылығын оятып, білім сапасын арттыруда тиімді тәсіл екенімен танысқаннан кейін, рефлексивтік - практик ретінде осы зерттеу сабағын тәжірибеге енгізсек, өзіміздегі өзекті проблеманың шешуін табады екенбіз деген ойға келдік. «Ойлау оңай, әрекет қиын, ал ойды әрекетке айналдырған қиынның қиыны» - деп, неміс халқының ақын - жазушысы Иоганн Гете айтқандай, зерттеу сабағын тәжірибеге енгізу барысында, біраз қиындықтар болды, тығырыққа тірелдік. Бірақ «қиын болды» деп ісімізді аяқсыз қалдырмадық. Қиындық туғызған проблеманы бірлесе, ақылдаса отырып шешуге тырыстық. Соның нәтижесінде өткізген зерттеу сабақтарымыз біршама нәтиже берді.

Lesson study - дің басты мақсаты: Оқушыларға білім алуға көмектесу;

Топ мүшелерінің кәсіби дамуына ықпал ету.

Зерттеу сабағын жүргізу үшін:

– L.S. зерттеу тобын құрдық. Зерттеу тобына мектеп-интернаттың пәні бірлестіктері мұғалімдері болды.

– Зерттейтін сыныпты таңдауда, пән мұғалімдерімен бірлесе ақылдаса отырып, зерттеуге 7-9 сыныбы алынды. Зерттелетін пәндерді мұғалімдердің ұсынысы бойынша

  1. Тіл ізгілік пәндер бірлестігі
    2. Жаратылыс тану пәндер бірлестігі
    3. Математика-информатика пәндері бірлестігі
  2. Қоғамдық пәндер бірлестігі деп ұйғардық.

Келесі қадам – осы сыныптардағы проблеманы анықтау болды. Осы мақсатта сыныпқа сабақ беретін негізгі пән мұғалімдері сабақтағы проблемаларын Lesson Study бұрышына жазып, бірнеше проблемалар анықталды. Одан кейін зерттеуші топтың отырысы болды. Бұл отырыста осы бірнеше проблемадан ортақ проблема шығарылды. Ортақ негізгі проблеманы: «оқушылардың функционалдық сауаттылығын арттыру - сапалы білім кепілі» - деп алдық.

Зерттелетін пәндердің пән мұғалімдерімен, сынып жетекші және психологпен бірігіп, бақыланатын оқушылырды анықтады. Мұнда А оқушысы - сабақты жақсы оқиды, бірақ өзіндегі ақпаратпен бөліспейді. В оқушысы - сабақта үлгерімі ортадан жоғары, мінезі тұйық, бірақ ұқыпты, белсенділік танытпайды, тек сұрағанда ғана жауап беретін оқушы. Ал С оқушысы – деңгейі төмен, сабаққа қызығушылығы жоқ, сылтау тауып сабақтан қалуға тырысып отыратын оқушы.

Сынып жетекші мен психологтің көмегімен 7-9 сынып оқушыларының функционалдық сауаттылық деңгейін анықтайтын сауалнама құрастырылып, алынды.

Сауалнама қорытындысында:

Алынған сауалнама бойынша оқушылар оқу және жазу, жаратылыстану ғылымдарындағы, математикалық, компьютерлік, отбасылық өмір, денсаулық және тағы басқа сұрақтарға жауап берді. Оқушылардың мәтінді оқу дағдысының қалыптасуына, жаратылыстану пәндерінен, компьютерлік бағдарламлау, математикалық, логикалық есептерді шешуде ықпал ету керек екенін түсіндік.

– Оқушы үнін ескеру мақсатында олардан сұхбат алынды.

– Проблеманы шешу үшін «Оқушылардың функционалдық сауаттылығын қалай дамытуға болады?», «Ол үшін қалай жұмыс жасаймыз?», «Қандай әдіс-тәсілді қолданамыз?» – деген сұрақтар айналасында талқылау жасалынды. Осы талқылаудағы ұсыныстарды және оқушы үнін ескере отырып, әр пән бірлестіктері зерттеу сабақтарын жүргізу жсопарын жасап бекітіп, жоспар бойынша зерттеу сабақтары жүргізілді.

Сонымен, L.S. зерттеу сабағының тиімділігі:

  • Мұғалімдер арасында кәсіби диалогты қалыптастырып, дамытады.
  • Ұжымдық мәдениетті қалыптастырады.
  • Мұғалімдердің назарын оқушылардың білім қажеттіліктеріне аударады.
  • Бағдарламаны, ғылыми тұжырымдамаларды терең түсінуге көмектеседі.
  • Мұғалімдер кәсіби педагогикалық білімін дамытады.
  • Мұғалімдер сабақты бақылау және кері байланыс беру дағдыларын қалыптастырады.
  • Мұғалімдер білімның ғылыми мағынасына түсінеді және зерттеушілерге айналады.
  • Оқушының оқуы жақсарады.
  • Функционалдық сауаттылығы дамиды.
  • Қоғамға қажетті тұлға болып қалыптасады.

Біздің бұрынғы тәжірибемізде сабақ жоспарын бірігіп құру, сабақты бірігіп зерттеу, проблемаларды бірігіп шешу деген болмаған еді. Lesson Study  мұғалімдердің кәсіби біліктілігін көтерудің, білімін жетілдірудің, тәжірибе алмасудың оңтайлы әдісі екеніне көз жеткіздік. Оқушы сабақты жақсы меңгеруі үшін бірнеше сабақ бойы түрлі әдістерді қолданып, бақылап, зерттеп, соңында тиімді әдісті анықтау арқылы жетістіккке жетуге болатынын түсіндік.

Lesson Study  оқушыға саналы білім беруді көздеген, бір мақсатқа жұмылған ұстаздар шеберханасы деп айтсақ, артық айтпаған болар едік.